Site icon KAZAKBOL

ҚҰДЫҚҚА ҚҰЛАП КӨЗ ЖҰМҒАНДАР

Құдыққа құлаған бала бір тәулік бойы өз өмірі үшін күрескен. Ақпан айында болған оқиғаға қатысты жаңа дерек осы. Елорда шетіндегі ашық қалған кәріз құдығына құлап, қапыда көз жұмған жеткіншек жайлы көрсетіп едік. Қазір сол оқиғаға қатысты сот жүріп жатыр. Бір қызығы, бір процесте мамырда газдан уланып көз жұмған төрт қызметкердің ісі де қаралуда. Неліктен және сотқа қатысушылар нені талап етуде? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Бұл ақпанда түсірілген видео. Еріктілер із-түзсіз жоғалып кеткен 13 жастағы Бақдәулетті іздеуде. Хабар-ошарсыз кеткеніне үш күн болса да, үміт бар еді. Бірақ ертеңінде олар мүшел жастағы жеткіншектің мәйітін табатын болады. Ал бұл мамыр айы. Футбол федерациясы маңындағы мына скважинада жұмыс істеп жүрген су арнасының 4 қызметкері көз жұмған орын. Ешбір респераторсыз метан толы шұңқырда ажал құшқан жұмысшыларға қатысты тергеу басталады. Нәтижесінде екі оқиғаға да бір тұлға кінәлі болуы мүмкін деген байлам жасалған. Іс сотқа жеткен еді. Міне бүгін учаске басшысы мен механик сот алдында жауап беруде. Бірақ екі түрлі оқиғаның бір іске тоғыстырылғаны қалай деген сауал мазалады. Отырысқа қапыда көз жұмған жеткіншектің көз жасы тыйылмаған анасы да келді. Адвокат екеуі екі жақтап, тергеушіні тергегендей болды. ТАЛҒАТ ЖОЛДАСОВ, ТЕРГЕУШІ: «Барлық құдықтарды тексеру бойынша арнайы кесте жасалған. Іс материалдарына ол құжат қосылған. 40-шы станциядағы құдықтар да сол тізімде бар. Қызметкерлер сол бойынша тексеруі керек». Айтуларынша, айыпталушы орындығында қарапайым қызметкерлермен бірге жоғары басшылары да отыруы керек. Өйткені, ашық қалған құдықтар туралы директорлар білген,

ал учаске деңгейіндегі мамандар оны білмеген дейді. ВАСИЛИЙ САДЫКОВ, АДВОКАТ: «Ғарыштан түсіріліген суреттер арқылы құдықтардың 2013-2014 жылдардан бері ашық жатқанын дәлелдедік. Оның су арнасының иелігіне өткенін жоғары басшылық білген. Ал оны тексеруі тиіс қызметкерлер баланста ол құдықтардың барын естімеген екен. Демек мұнда ортанқол қызметкерлер емес, жоғары басшылықтың да тіклеей жауапкершілігі бар».

Құдыққа құлаған Бақдәулет бірден көз жұмбапты. Күртешесін шешіп, астына төсеп, амал қылған көрінеді. Бірақ, сарапшылар жеткіншек суға тұншығып өлген деген байлам жасаған. Бұдан басқа шикіліктер бар, сондықтан істі бөлек қарау керек деген талап қойып отыр. ПЕРИЗАТ ЧИНИКБАЕВА, БАҚДӘУЛЕТ ӨМІРХАННЫҢ АНАСЫ: «Бір жылға жуық уақыт болып қалды. Біз әлі де сене алмаймыз. Көзімді жұмсам да, балам елестейді. Оның арпалысқаны. Көмекке шақырып, жылағаны. Осының бәрі жазасыз қалмауы керек, соңына дейін, ақырына дейін барамын». ВАСИЛИЙ САДЫКОВ, АДВОКАТ: «По допросу экспертов мы выяснили, мальчик в колодце жил около суток. Смерть была мучительной». Жалғыз ұлынан айырылған ана екі студент қызым бар дейді. Сол кездегі Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауына кіре алмағанына ашулы. Қазіргі әкіммен кездесіп, уәж айтқысы келетінін жасырмады. Журналистер алдында есеп берген Елорда басшысы ол өтінішті жерге тастамаймын деп уәде берді. АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Ол мәселені мен білемін. Ол кісі жақында емделіп шықты. Біз бақылауда ұстап отырмыз. Біз шақырғанбыз. Сонда ол кісінің айтқаны, емделудемін. Сол емнен шыққаннан кейін кездесеміз деп. Әрине, ол енді өкінішті жағдай. Ол семьяны біз қолдауымыз керек. Заңның аясында. Менің әріптестерім кездесті. Алдағы уақытта да мен өзім жеке кездесемін». Жақында қос дерек қосарлана қаралып жатқан сот тергеуі аяқталуы мүмкін екен. Үкім шығарар күн де алыс емес сияқты. Сондықтан екі қайғылы жағдайды бөлек қарастыру мүмкін бе, жоқ па, күмәнді.

Первый канал Евразия

Exit mobile version