Site icon KAZAKBOL

Қазақстанда заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша комиссия құрылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша комиссия құрды. Билік бұл хабарламаны 5 маусымда – елде Тоқаев бастамасы негізінде Конституцияға түзету енгізу бойынша референдум өтіп жатқан кезде таратты.

Көп сарапшы референдумды келесі президент сайлауы алдындағы (2024 жыл) дайындық деп бағалайды. Тоқаев ол кезде екінші мерзімге сайлауға түсуі мүмкін. Мұны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтардан арылу талпынысы деп бағалайтындар да бар.

Бас прокурор жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссияның мақсаты Ақорданың түсіндіруінше, шетелге заңсыз шығарылған Қазақстан азаматтарының қаржысын қайтару бойынша «кешенді жұмыс жүргізу».

Тоқаев ақпан айындағы үкімет отырысында шетелге шығарылған заңсыз қаражат туралы айтқан. Алайда ол кімнің қанша ақшаны заңсыз шетелге әкеткенін айтпаған.

Оның алдында бірнеше күн бұрын мәжіліске «Ақ жол» атынан сайланған депутат Мақсат Раманқұлов Tax justice network ұйымының дерегіне сүйене отырып, кейінгі 25 жыл ішінде Қазақстаннан шамамен 140-160 млрд доллар офшорға әкетілген деп мәлімдеген. Кей сарапшылар елден заңсыз шығарылған ақша көлемі одан да көп болуы мүмкін деп болжаған.

21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды» деп «жағдайды дереу өзгерту» қажеттігін айтқан.

Мамыр айында Еуропа салық обсерваториясы (салықтан жалтару және ақшаны жымқыру мәселесімен айналысатын ұйым) Дубайда 1150 қазақстандық құны 1,018 млрд болатын 2694 түрлі нысанға ие екенін айтқан.

Источник

Exit mobile version