Үш Ресей банктің Қазақстандағы еншілес банктерінде тұтынушылардың 9,2 миллиард теңгесі (21,5 млн доллар) бұғаттаулы. Осылай деп Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
«Санкциялардың аясында «Сбербанк», «Альфа-Банк» және «ВТБ банктің» Қазақстандағы еншілес банктерінің шетел валютасындағы есеп-шоттары бұғаттаулы. Онда қазақстандықтардың 9,2 млрд теңгесі бар», — деп мәлімдеді агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова депутаттық сауалға жауап беріп.
Атап айтқанда, «Альфа-Банкте» — 6,2 млрд теңге, «Сбербанкте» 2,7 млрд теңге, «ВТБ банкте» 300 млн теңге бұғаттаулы деді ол.
«Бұдан бөлек «Сбербанкте» жеке клиенттердің шетел валютасымен сақтаған 2,9 млрд теңгесі, «Альфа-Банктің» 3,9 млрд теңгесі құлыптаулы жатыр», — деді Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы.
Қазір «Альфа-Банк Қазақстанның» жаңа акционері Банк ЦентрКредит банкті АҚШ-тың санкция тізімінен шығарып алуға тырысып жатыр.
Ал ВТБ банкке қатысты клиенттерге ақшаны «басқа банктер арқылы» қайтарып жатуы мүмкін дейді Мадина Әбілқасымова.
Мамыр айының басында Банк ЦентрКредит Альфа-Банк Қазақстанның 100 пайыз акция пакетін сатып алғанын мәлімдеген. Банктің атауы ресми түрде Eco Center Bank деп өзгертілді.
24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ-тың қаржы министрлігі Ресей банктеріне санкция салған.