Site icon KAZAKBOL

Қырғызстан былтыр донорлардан 448 миллионға жуық доллар алған

Қырғызстан 2021 жылы халықаралық донор ұйымдардан жалпы 38 миллиард сом (447 млн 585 мың 394 доллар) алған. Бұл туралы Қырғызстанның қаржы министрлігінің халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы Акжолов мәлімдеді.

Ол Қырғызстанға сырттан ақша екі мақсатта – мемлекеттік инвестициялар арқылы ірі жобаларды іске асыруға және бюджетті қолдауға келетінін жеткізді.

“Донорлардан алынған 11,4 млрд сом бюджетті қолдауға жұмсалған. Ірі жобаларға 26,4 млрд сомды сырттан алып келгенбіз, мұның ішінде 17,9 млрд сомы несие, 8,5 млрд сомы грант”, — деді Акжолов.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өткен аптада елдің тәуелсіз жылдарында жиналған қарызы 5 млрд долларға жақындағанын, оның қайтару мерзімі өзінің президенттік мезгіліне сәйкес келіп тұрғанын айтты. Биылдан бастап 2026 жылға дейін ең жоғарғы сома – 350 миллион доллар төлеу керек екенін, одан кейінгі төлемдер 2030 жылға дейін төленіп бітетінін айтқан.

Соңғы ресми мәліметке қарағанда, Қырғызстанның мемлекеттік қарызы былтыр жыл ортасында 416 млрд сомнан (4 млрд 921 млн доллар) асқан, бұл соманың 85% сыртқы, 15% ішкі қарызы.

Источник

Exit mobile version