Site icon KAZAKBOL

Қырғызстан президенті Қытайдағы саммитте Тәжікстанмен арадағы шекара мәселесін көтерді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 19 мамырда Қытайдың Сиан қаласында «Орталық Азия-Қытай» саммитінде сөйлеп, Қырғызстан тәуелсіздік алғалы бері көрші елдермен шекара мәселелерін жанжалсыз шешуге ұмтылып келе жатқанын айтты. Бұл туралы қырғыз президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз Қытай Халық Республикасы және Қазақстан Республикасымен бірге мемлекеттік шекараларды делимитациялау мен демеркациялауды сәтті аяқтадық. Өзбекстан Республикасымен бірге қырғыз-өзбек шекарасын сәтті делимитацияладық. Енді біз өзбек әріптестермен бірге шекараны демаркациялау жұмысын аяқтауға күш салып жатырмыз. Біз көрші елмен достық қарым-қатынасты сақтай отырып, Тәжікстанмен де осы бағытты жұмыс істеуге дайынбыз», деді Садыр Жапаров.

Бұған қоса, Қырғызстан президенті Қытайдың аймақ қауіпсіздігіне қатысты бастамасын қолдайтынын айтты.

«Қырғызстан қытай жағының ғаламдық қауіпсіздік жөніндегі бастамасын қолдайды. Біз ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің біртұтас адамзат тағдыры қоғамын құру жөніндегі мәнді идеяларын, ғаламдық даму мен ғаламдық өркениет бастамаларын жүзеге асыруға көмектесеміз», деп мәлімдеді Садыр Жапаров.

Сиан қаласында «Қытай — Орталық Азия» саммиті өтіп жатыр. Оған Орталық Азиядағы бес елдің — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері қатысты.

Қырғызстан Тәжікстанмен арадағы шекара мәселесін әлі шешкен жоқ. Көрші елдердің 972 шақырымдық ортақ шекарасы бар. Мемлекеттік шекара толық анықталмағанына байланысты қырғыз-тәжік шекарасында үнемі жанжал, тіпті қарулы қақтығыстар болып тұрады.

Источник

Exit mobile version