Site icon KAZAKBOL

Қырғызстанда «билікті күшпен басып алмақ болды» деген күдікпен ұсталғандардың төртеуі қамалды

7 маусымда Бішкектің 1-май аудандық соты «билікті күшпен басып алмақ болды» деген күдікпен ұсталғандарға бұлтартпас шарасын белгіледі. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет тергеушілерінің арызымен төрт күдікті — И. Г. С., М. А. Д., Д. Т. А. және Н. Р. С. 21 маусымға дейін комитеттің тергеу изоляторына қамалды. Олардың арасында «Элдик Кеңеш» партиясының жетекшісі Роза Нұрматова мен «Чек ара» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлжігіт Исақов бар. Қалған екі күдіктінің толық аты-жөні айтылмады.

Сот С. Ч. М. есімді күдіктіні 21 маусымға дейін үйқамққа жіберген. Оның қырғыз ұлттық университетінің оқытушысы Чолпонбек Сыдықбаев екені мәлім.

5 маусымда интернетте Қырғызстанда билікті күшпен басып алмақ болғандар жаппай ұсталып жатқаны туралы видео тараған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті бұл туралы ресми ақпаратты бір тәуліктен кейін, 6 маусымда бір-ақ жариялады.

Арнаулы қызмет дерегінше, ұйымдасқан топ бір жыл бойы елдегі билікке наразы азаматтарды қатарына тартумен айналысқан. Комитет топтың ұйымдастырушысы азаматтық белсенді, «Элдик кеңеш» саяси партиясының төрағасы Н.Р.С. деп көрсетіп отыр.

5 маусымда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне 30 шақты адам жеткізіліп, олардың төртеуі тұтқындалған. Қазір ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Источник

Exit mobile version