Site icon KAZAKBOL

Қырғызстандық бітімгер күштер Қазақстаннан 14 қаңтарда еліне оралады

Қырғызстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік миссиясы аясында Қазақстанға аттанған сарбаздары елге 14 қаңтарда оралады. Бұл туралы Қырғызстан қорғаныс министрлігі хабарлады.

Бұған дейін мәлім болғандай, Қырғызстан қарулы күштерінің бітімгерлік күштері Алматыда ЖЭЦ-2 нысанын қорғап тұр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда ҰҚШҰ елдерінің әскерлері осы аптада шығарыла бастайтынын, бұл процесс он күннің ішінде аяқталатынын мәлімдеді.

«ҰҚШҰ бітімгер контингентінің негізгі миссиясы аяқталды. Екі күннен соң бібімгер контингент шығарыла бастайды. ҰҚШҰ әскерлері он күннің ішінде шығарылады», — деді Тоқаев мәжіліс отырысында.

7 қаңтарда Жогорку Кенеш депутаттары Қазақстанға әскер жіберу туралы шешімді мақұлдады. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің хабарлауынша, көрші елге 150 сарбаз, сегіз бронды техника және 11 автокөлік жіберіледі.

Мәселе талқыланып жатқан уақытта парламент ғимараты алдында Қазақстанға әскер жібермеуді талап етушілер пикет өткізді.

ҰҚШҰ контингенті Қазақстанға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішімен келді. Ұйым Қазақстанға бірнеше мың әскер жіберді.

Источник

Exit mobile version