Site icon KAZAKBOL

Қырымда 700-ге жуық украин активі Ресейге өткен

Аннексияланған Қырым билігі украиндықтардың 700-дей активін билікке өткізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы «Коммерсант» басылымы жазды.

Аймақтың мемлекеттік кеңесінің басшысы Владимир Константиновтың сөзінше, билік қарамағына өткен мүліктің иелерінің арасында Ринат Ахметов, Игорь Коломойский, Арсений Яценюк, Нестор Шуфрич, Сергей Тарута және басқа да ірі украин кәсіпкерлері мен саясаткерлері бар.

Ресей тағайындаған Қырым парламенті мүлік иелерін Киев билігімен байланыста болып, Ресейге қарсы әрекеттер жасап келеді деп есептейді. Билікке өткен мүліктер сатылымға қойылып, одан түскен қаражат Ресейдің әскери әрекеттерін қолдауға жұмсалатынын Қырымның Ресей тағайындаған басшысы Сергей Аксенов мәлімдеді.

Осының алдында Қырым парламенті украин кәсіпкерлерінің мүлкін билікке өткізіп, «Стройиндустрия» Бақшасарай комбинаты, кеме құратын «Залив» зауыты, «Новацентр» құрылыс гипермаркеті және сауда кешені, «Мегастройдың» жер учаскелері секілді мүліктер тәркіленген.

Украина жері саналатын Қырымды Ресей 2014 жылы басып алып, 2022 жылдың 24 ақпанында соғыс ашты. Мәскеу одан бері Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының аймақтарының бір бөлігін бақылауға алып, аннексияланғанын жариялағанымен, әлем елдері мойындамады.

Источник

Exit mobile version