Site icon KAZAKBOL

ҰҚК Мәсімовтің «қымбат сарайлары мен үйлеріне» тыйым салып, мүліктерін тәркілегенін хабарлады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «мемлекетке опасыздық жасады» және «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке «тиесілі қымбат сарайлар мен мүліктерге» тыйым салып, тәркілегенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің «өзге қылмыстарынан» бөлек «жемқорлық әрекеттері де анықталған».

«Мәсімовтің ҰҚК төрағасы болып тұрған кезде шет мемлекет өкілінен жабық келісім бойынша 2 млн доллар көлемінде пара алу фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл қаражат Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтарылды» деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Мәсімов премьер-министр болып тұрған шақта «иеленген құны 2,5 млрд теңге тұратын элиталық қонақ үй мен жер телімін алу фактісі» бойынша да тергеу басталған. ҰҚК-ның айтуынша, қаңтарда Мәсімов ұсталғаннан кейін осы қонақ үйден «17,2 млн доллар болатын қағаз ақша мен бағалы заттар, 11 қымбат көлік тәркіленген».

Ведомство «Мәсімовке тиесілі» деп атаған жылжымайтын мүліктер мен бағалы заттардың суретін жариялаған. ҰҚК «Мәсімов пен айналасындағылар шетел банктеріне шығарған аса ірі мөлшердегі қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару жұмысы» ұйымдастырылып жатқанын да атап өткен.

Биыл қаңтар басында Қазақстанның шығысы мен оңтүстігіндегі наразылықтарға беймәлім топтар араласып, арты қантөгіске ұласты. Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың көп жылғы сенімді серігі, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті орнынан алды, іле-шала ол тұтқындалған.

Одан соң Мәсімовтің үш орынбасары Марат Өсіпов, Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұловтың қызметтен босағаны жайлы хабар тараған. Кейін ақпарат ресми түрде расталып, олардың ұсталғаны белгілі болды. Мәсімовтің бірінші орынбасары қызметін атқарған Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш те кейін қызметінен босады.

Источник

Exit mobile version