Site icon KAZAKBOL

Ұлыбританияда автобус аялдамасынан қорғаныс министрлігінің құпия құжаты табылды

Автобус аялдамасынан Ұлыбритания эсминці Defender туралы және ел әскері туралы құпия мәліметтер жазылған құжат табылды. Бұл туралы 27 маусым күні BBC хабарлады.

Ұлыбритания үкіметі осы құжатқа жауапты қызметкер оны жоғалтқанын өткен аптада мәлімдеді деді. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Құжатты тауып алған адам BBC-ге хабарласып, аты-жөнін атамауды сұраған. Айтуынша, ол құпия қағаздарды 22 маусым күні Кент графтығындағы аялдаманың артқы жағынан тауып алған.

BBC-дің жазуынша, құпия қағаздар арасында Defender эсминці Қырым жағалауынан жүзіп өткеніне Ресейдің қандай реакция танытуы мүмкін екенін талқылайтын құжат бар. Кеме Қырым жағасының жанынан 23 маусымда өткен.

Тағы бір құжатта Ауғанстанда Ұлыбритания әскерін ұстау жоспары қамтылған.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Defender эсминці теңіздің Украина аумағына қарасты бөлігінен халықаралық заңнаманы сақтай отырып өткенін айтты.

Қорғаныс министрлігі құпия құжаттың жоғалғанын өткен аптада білді, тергеу жүріп жатыр деді министрлік баспасөз хатшысы.

Defender эсминці Ұлыбританияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына бара жатқан авиациялық тобының құрамына кіреді.

23 маусымда Ресей Севастополь қаласының жанында британиялық кеменің бағыты бойынша ескерту оғын атып, әскери ұшақтың жол бойына бомба тастағанын, сол арқылы Defender эсминцінің бағытын өзгертуге тырысқанын айтты.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Defender-ге қарата ескерту оғының атылғанын жоққа шығарып, Ресей алдын ала жарияланған әскери жаттығуларын өткізді деп мәлімдеді.

Ресей Қырымды Украинадан 2014 жылғы наурызда аннексиялаған. Бұл ісін Мәскеу Украина аумағына әскер жіберіп, референдум өткізу арқылы жүзеге асырған. Ресей ұйымдастырған бұл референдумды кемі 100 ел заңсыз деп таныған.

Батыс елдері Қырымды аннексиялағаны үшін Ресейге көптеген санкция салды.

24 маусым күні Ұлыбритания үкіметінің мүшесі Джордж Юстис телевизиялық сұхбат кезінде британ кемелерінің Қырым жанынан тағы да өте алатынын, Ресейдің Қырымды аннексиялауы заңсыз екенін айтты.

Источник

Exit mobile version