Site icon KAZAKBOL

Әскери саланың тізгінін ұстаған – мерейлі отбасы

Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Осындай бақытқа ие, көпке үлгі болып отырған әскери салада бірге қызмет етіп келе жатқан Шымкент гарнизонындағы Қарғабаевтар отбасы.

Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілері, яғни ері мен жұбайы тізе қоса, иық тірестіре жүрген  капитан Дамир Қарғабаев мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік қызметінің бастығы лауазымында, ал ефрейтор Айдана Қамаш аға радиотелефоншы лауазымында жемісті қызмет етуде.

Дамир Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының тумасы. Ұжымында құрметке ие, қызметте құлшынысы мол, жігерлі офицер. Өз ісінің нағыз шебері. Қызмет барысында бірнеше рет әскери бөлімнің, Өңірлік қолбасшылықтың үздік офицері атанған. Сондай-ақ,  Макаров тапаншасынан оқ атудан спорт шеберлігіне үміткер. Көптеген әскери сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.

Жастайынан әскери болуды армандаған Дамир 2009 жыл мен 2014 жылдар аралығында Ресей Федерациясы Краснодар қаласының әскери байланыс академиясының тәлімгері атанып, «Ақпараттандыру объектілерін кешенді қорғау» мамандығы бойынша тәмәмдап, бірінші офицерлік лейтенант шенін алды. 2014 жылы әрі қарай қызметтік жолында Талдықорған, Тараз гарнизондарында қызмет етті. Қазіргі таңда Шымкент гарнизонының механикаландырылған әскери бөлімінде жұбайы Айданамен әскери өмірдің қуанышы мен қиындығында бір-біріне демеу болып бірге қызмет етіп келеді.

Ал, жұбайы Айдана Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы. 2017 жылы Дамир екеуі өмір өзенінде қайықтың ескегін тең ұстап шаңырақ көтерді. Қазіргі уақытта Анель есімді қызды тәрбиелеп отбасының ұйытқысы болып отыр.

Иә, осылай бір-бірін сыйлап, қол-қанат болған Қарғабаевтар отбасы өз ұжымында өзгеге өнеге болып, өмірдеде, қызметтеде бірге шыңдалып келеді. Әскери саланың тізгінін ұстаған жарасымды жұптың алдағы мақсаты – көп балалы әке мен ана атану. Соларды рухты, патриотты етіп тәрбиелеп жетілдіру.

Ендеше басқаларға үлгі боларлықтай жас отбасыларымыз көбейіп, қазақы болмысымызды сақтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін, еңбекқор ұрпақтарымыз өсе берсін демекпіз.

 

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Exit mobile version