Өзбекстанның жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі парламентке жемқорлық қылмыстарға жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын жолдады.
Жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы Акмал Бұрханов 2 желтоқсанда осылай деп хабарлады.
Заң жобасында «жемқорлық қылмыстар» түсінігіне анықтама берілген. Оған қылмыстың 15 түрі кірген. «Заңды жетілдіру арқылы жемқорлыққа қатысы бар қылмыстарға жаза күшейтіледі», — деді Акмал Бұрханов.
Оның айтуынша, өзгенің мүлкін иемдені немесе талан-таражға салу, сонымен бірге қызмет бабын асыра пайдалану арқылы алаяқтық жасау қылмыстары үшін 10 жылға дейін (қазір — 5 жыл) түрме жазасы қолданылады.
Пара алу немесе пара беру, сонымен бірге параға арағайындық жасау қылмысы үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Агенттік басшысы жаңа заң жобасында саяси ұпайды сатып алу, қызметке туысқанын тарту және мүдделер қақтығысы секілді түсініктерге баға берілген-берілмегенін айтпады.