Өзбекстанның бірқатар азаматы Қырғызстан билігіне Ош қаласындағы таксишілер әрекетіне шағымданды.
2 тамызда әлеуметтік желілерде тараған үндеуде Ресейден Ош қаласына ұшып келетін өзбек азаматтарын таксишілер автокөлікке мәжбүрлеп отырғызып, екі ел шекарасына дейінгі 5-6 шақырымдық жерге адам басына 500 сомнан (шамамен 6 доллар) алады делінген.
Бұның алдында өзбекстандықтар Азаттық радиосына хабарласып, Оштағы таксишілер жолаушыларды кейде 5 мың сомнан төлеуге мәжбүрлейтінін айтқан. Бұл тақырып әлеуметтік желілерде жиі талқыланады.
Ош облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Жениш Аширбаев таксишілерге қатысты мәселе үш жылдан бері көтеріліп келетінін жасырмады. Оның айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік желілер арқылы 15 арыз түскен.
«Бірақ Интернет арқылы үндеу жолдаған азаматтар таксишілердің ереже бұзғанына дәлел бермейді. Дәлел болмаса, оны құр сөз деп қабылдайды. Сол себепті біз түсіндіру жұмысымен ғана шектелеміз», — дейді Аширбаев.
Департамент өкілі таксишілердің заңсыз әрекетіне куә болған азаматтардан тез арада милицияға хабарласуын сұрады.
Өзбекстан азаматтарының көбі Ресейге Ош қаласы арқылы қатынағанды жөн санайды. Себебі мұнда әуе билітінің бағасы арзанырақ.
Былтыр өзбекстандықтар Қырғызстан билігіне шекара қызметкерлерінің үстінен шағымданған. Алайда Қырғызстан шекара қызметі арызда айтылған жайттар расталмады деп жауап берген.