Site icon KAZAKBOL

Қаңтар бойынша айыпталған «25-тің соты»: айыпталушылардың барлығы шартты жаза алды

19 мамырда Алматының Бостандық аудандық сотында Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның ісінде үкім оқылды.

Сот айыпталушылардың барлығына (бір адам – Думан Қанатбек Қаңтар оқиғасында қаза болған) шартты жаза берді.

– Қамауда болғандардың барлығы босатылды. Шартты жаза алғандар пробациялық бақылауда болады, – деп хабарлады адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа.

Бұған дейін прокурор барлық 25 адамды кінәлі деп тануды, 13 адамға шартты жаза, қалғандарына екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған еді. Айыпталушылардың бірі Думан Қанатбек Қаңтарда оққа ұшқан. Прокурор оны да кінәлі деп тануды, қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Сот прокурордың өтінішін орындады. Думан Қанатбектің әкесі Әкімбек Қалыбеков ұлын кінәлі деп танығанына келіспей, үкімді апелляцияға беретінін айтты.

Айыпталушыларға негізінен «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты», «қару-жарақ ұрлады», «ғимараттарға шабуыл жасады» деген айыптар тағылған. Айыпталушылардың басым бөлігі тағылған айыпқа келіспейді, кейбірі айыпты ішінара мойындаған. Адвокат Айнара Айдархан үкімді толық қолға алғаннан кейін айыпталушылар апелляцияға беру-бермеу мәселесін шешеді деді.

Источник

Exit mobile version