Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Каспий құбыр желісі консорциумындағы (КҚК) апаттан 100–150 млрд теңге (218-327 миллион доллар) шығын келді деп мәлімдеді.
«Шығын 100–150 млрд теңгеге бағаланып отыр, егер тез жөнделсе, әрине аз болады. Мұның бәрі жөндеу мерзіміне және Ресейге қатысты тағы санкциялар салынады ма, осыған да байланысты»,- деді Жамаубаев.
Өткен аптада Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов Bloomberg агенттігіне берген сұқбатында осы айдың соңына қарай КҚК магистралы жөнделеді деп күтетінін, бірақ батыстың санкциясына байланысты шикізатты тасымалдауға байланысты проблема туындайды ма деп алаңдайтынын жеткізген.
Ол бұл мұнай құбыр желісі Қазақстан үшін Еуропаға мұнай тасымалдайтын ең маңызды жүйе екенін айтқан.
Биыл наурыз айында КҚК-тің Новороссийск елді мекеніндегі құбыры істен шыққан. Бұл құбыр желісі бойынша мұнайдың 90 проценті Қазақстаннан тасымалданады. «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» секілді ірі кеніштің мұнайы тасымалданады.
Сарапшылар бұл құбыр желісінің істен шығуы ел экономикасына айтарлықтай әсерін тигізетінін ескертіп жатыр.