Қазақстан неге тіпті Швейцариядан кем болды?
Кейінгі кезде тіл мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарынан ойып тұрып орын алды. Ресейлік «пропаганданың» қысымы күшейген сайын оған жауап ретінде тіл жанашырлары белсеніп, мемлекеттік тілді дамытуға тың серпін беру керектігін ашық айтуда.
Осы орайда бұрыннан қалыптасқан, елдің еті өліп кеткен бір тәжірибе жұрттың зығырданын қайната бастапты. Тіл жанашырларының алды одан бас тарту туралы Үкімет мүшелеріне ұсыныс жолдаған. Әңгіме халықаралық келісім-құжаттар бекітуде орыс тілді мәтіннің басымдығы туралы болып отыр.
«Министр мырза, «Әділет» нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде, adilet.zan.kz ресми ресурсында жарияланған және Қазақстанның атынан жасалған мемлекетаралық, үкіметаралық келісімдердің барлығында дерлік: «Осы келісім мәтіндерінің арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің күші басым болады», – деген ескертпе кездеседі. Мысалы, Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы қытай суперкомпьютерін алуға қатысты ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 11 қыркүйекте Бейжіңде қол қойылыпты. Онда да әлгі ескертпе бар. Не себепті Қазақстан халықаралық қатынастарда мемлекеттік қазақ тіліндегі мәтіннен гөрі орыс тіліндегі мәтінге басымдық береді? Осыны түсіндіруіңізді сұраймын!», – деді қоғам белсендісі Ардақ Айткенов.
Ол бұл өтінішін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жолдапты.
ҚР мен ҚХР орыс тілінің күші басым деп уағдаласты…
Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы мұны жоққа шығарып жатпады, ондай тәжірибенің барын мойындады. Бірақ алаңдамауға шақырады.
«2005 жылғы 30 мамырдағы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңының 7-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстанның шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттары Қазақстанның мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасалады. Сондай-ақ 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына сәйкес, егер халықаралық шарт мәтінінің түпнұсқалығы екі немесе одан да көп тілде айқындалған болса, оның әр тілдегі мәтіні бірдей заңды күшке ие. Дегенмен, Конвенция қатысушыларға осы мәтіндер арасында сәйкессіздік болған жағдайда нақты бір мәтінді «басым болады» деп келісуге мүмкіндік береді», – деді министр Мұхтар Тілеуберді.
Қазақстан Вена конвенциясының даңғылын емес, оны айналып өтетін сүрлеуді таңдағанға ұқсайды, яғни өзге елдермен келісімге отырса болды, нақты бір мәтінді «басым болады» деп алдын ала қарастырады.
Мысалы, былтыр шың елі қазақстандық тарапқа суперкомпьютерін берді. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ұсынылады деген дерек бар. Бұл іске Ресей араласқан да, ара ағайын болған да жоқ, екі елдің ішкі ісі. Бірақ бәрібір келісім орыс тілінде қоса жасалған.
«2019 жылғы Бейжіңде жасалған Қазақстан және ҚХР үкіметтері арасындағы Қытайдың суперкомпьютерді ұсынуы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің 6-бабына сәйкес, ол қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Сонымен қатар, халықаралық шартты жасасқан сәтінде келіссөздерге қатысатын тараптар халықаралық шарттың ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты мәселелерді шешу үшін өздеріне ыңғайлы ортақ тілді таңдайды. Бұл жағдайда екі тарап келісім мәтіндерінің арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің күші басым болады деп уағдаласты», – деді еліміздің Сыртқы істер министрі.
Осы орайда 2019 жылғы қыркүйектегі тұңғыш Жолдауында Президент Қ.Тоқаев: «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – дегені еске түседі. Демек, билік еш даңғаза жасамай-ақ Ресейден басқа шет мемлекеттермен арадағы келісімдерді тек екі тілде бекітсе және «қазақ тіліндегі мәтіннің күші басым» болуына қол жеткізсе, жөн болар еді.
Қазақ тілі басым болу үшін не істеу керек?
Ресейлік ғалым, саясат ғылымдарының кандидаты, отандық оқу орындарының бірінде дәріс оқитын Сергей Самойлов жағдайдың Беларусьтегі ахуалға ұқсас дамымағаны маңызды екенін айтады.
«Белорусь елінде келісімшарттар беларусь тілін айналып өтіп, тікелей орыс тілінде бекітіле береді. Әрине, мұндай жағдай өркен жайып келе жатқан бай тілі бар қазақтарға жарамайды. Мемлекеттік тілдеріңіздің этносаралық қатынас тіліне айналуына қол жеткізудің өмірлік маңызы бар. Оған мүмкіндіктеріңіз жетеді. Мысалы, Швейцарияда төрт мемлекеттік тіл қолданылады. Сонда халықаралық келісімдерде олар қай тілдегі мәтінге басымдық береді? Бірде бір тілге басымдық бермейді», – деді сарапшы.
Швейцария Конфедерациясы Конституциясының 4-бабында 4 тіл «ұлттық/мемлекеттік тіл» (Landessprachen) деп бекітілген, бұлар – неміс (deutsch), француз (français), итальян (italiano) және ретороман (rumantsch) тілдері. Бұл елдің құқықтық айналымында «тілдің кешенділігі» деген ұғым бекіген көрінеді. Оған сәйкес, Швейцариямен мемлекеттік деңгейде келісім бекітілгенде, осы барлық 4 тілде мәтін әзірленеді және олардың бәрінің заңдық күші бірдей.
Әрине, бай-бақуатты Швейцария тіл мәселесінде бізге озық үлгі бола алмайды. Оны ұлағат-өнеге етіп те отырған жоқпыз. Тек тілі жөнінен төртке бөлінген швейцарлықтар ортақ тіл табысайық деп, мысалы, ағылшын тілін ортақ тіл ретінде тағайындауына болатын еді, бірақ олар бұған бармады.
Қазақстан болса, солай жасаудан арланбай отыр. Қазақстанда Конституция бойынша мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі (айтпақшы, Ата заңда «ресми тіл» деген сөз жоқ). Ендеше Қазақстанға айталық, Германиямен келісім жасасқанда, ол құжатты тек қазақ және неміс тілдерінде әзірлеп, осы екеуінің де тең күші бар деп бекітуіне не кедергі? Түсінбейтіндер аудартып алар.
Бұл мәселе Парламентте талай көтерілген. Алайда аяғына дейін жеткізілмеді. Себебі қазақшаға сауатты әрі тез аударатын мамандар тапшы. Үкіметтен мемлекеттік тілдегі мәтінінде қате өріп жүрген заң жобалары жиі түседі. Кейбірі тіпті Google аудармашымен аударыла салынған. Оның көбін Мәжілістің аудармашылары мен заң бөлімі түзейді. Бірақ уақыттың тығыздығынан заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіні қателерімен бірге қабылданып кете барады. Сондықтан соттар да мәтіндерде алшақтық туындаса, орыс тіліндегісін басшылыққа алады.
Бұған терминдердің бірізге түспеуі де кедергі. Салдарынан, заңдардың, нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тілдегі мәтінінде қателер мен ағат аудармалардан «ит тұмсығы батпас ну орман» түзілген. Мысалы, «ҚР кейбір заң актілеріне әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу» атты 2001 жылғы 10 қазандағы заңда «әскери қызметшiлерге ақшалай үлес» деген термин қолданылады. Ал бертінде қабылданған заңдарда және бұйрықтарда «әскери қызметшілеріне ақшалай ризық» деп жазылып жүр. Мұның бәрі «денежное довольствие» деген жалғыз терминнің аудармасы. Ұқсас мысалдар өте көп.
Ендеше халықаралық келісімдерде орыс тілінің басымдығынан құтылу үшін алдымен ел ішінде әлгі проблемаларды қатар шешуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануы қажет. Бірақ Үкімет жақтан бұл бағытта пәрменді қимыл, жай ұмтылыстың өзі байқалмайды.