Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесіп, жаңа әуе кемелерін жеткізуді жеделдету бойынша тапсырма бергенін хабарлады.
«Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін бес жаңа ұшақ сатып алынады. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелер паркі екі ұшақ, Air Astana үш самолетпен толықтырылады. Жалпы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде үш Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп отырмыз» деп жазды Өскенбаев.
Министр «әуе кемелер паркін ұлғайту және әуе компаниялардың тасымалдау тиімділігін арттыру» мәселесіне назар аудару қажет деп санайды. Ол «әуе рейстерінің жиі кешігуі, кейінге шегерілуі және билет тапшылығы мәселесіне де алаңдаушылық білдірген».
Кейінгі кезде әуе рейстерінің жиі кешігуі және кейінге шегерілу мәселесіне көп адам шағымданған. Жолаушылар уақытында ұшпай қалғандықтан іссапар, шипажайлардан кешіккенін айтқан. Мұндай жайт ішкі рейстермен қатар халықаралық рейстерден де байқалған.
Бұған дейін азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі бойынша түскен шағымдарға байланысты бірқатар әуе компанияларына жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін айыппұл салынғанын хабарлаған. Air Astana әуе компаниясы бірнеше айыппұл алған. Биыл Air Astana әуе компаниясына рейстерді кешіктіргені үшін жиынтығы 9,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.