Американың Pixar және Walt Disney Pictures студиялары шығарған «Базз Лайтер» анимациялық фильмі Қазақстанда прокатқа шықпайды. Бұл жөнінде мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев хабарлады.
«Көптеген азаматтар мен ақпарат құралдарының сұранысына орай жауап берсе, «Базз Лайтер» анимациялық фильмі Қазақстан аумағында прокатқа шығарылмайды» деп жазды Абаев.
Бұған дейін әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар осы фильмнің көрсетілуіне қарсы екенін жазған. Кейбір қолданушылар мультфильмдегі екі әйел кейіпкердің сүйісуінен біржыныстылардың қатынасын насихаттау деп ұйғарған.
«Сабина» комедиясында келін рөлін ойнаған режиссер әрі актер Нұртас Адамбай президентке қайырылып, «Базз Лайтер» фильміне тыйым салуды сұраған еді. Ол «мемлекет балаларға бізге жат құндылықтарды шектеуі тиіс» деген.
Маусымның соңында елде бұл фильмді тыйым салуға шақырған петиция ашылып, оған 37 мыңнан аса адам қол қойған.
Жас космонавт Базз Лайтердің хикаясын айтатын мультфильм 14 шілдеде прокатқа шығуы тиіс еді. Мультфильмде «екі әйелдің сүйісетін тұсы бар» деп Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Малайзия тыйым салған еді.
Одан соң мультфильм авторлары тыйымға себеп болған тұсын алып тастаған. Бірақ батыстағы көрермендер авторларды цензура жасады деп айыптаған соң мультфильмдегі әйел мен әйел сүйісетін тұсты қайта қойған.