Site icon KAZAKBOL

Қазақстан мен Қытай БҰҰ-ның Ресей басқыншылығы жайлы айтылатын резолюциясын қолдады

Қазақстан мен Қытай БҰҰ Бас Ассамблеясында Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынайтын тұсы бар қарарды жақтап дауыс берді. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай мұндай резолюцияларға дауыс бергенде қалыс қалып келген еді.

Дауыс беру 26 сәуірде өткен. «БҰҰ мен Еуропа кеңесінің серіктестігі» резолюциясын 122 ел қолдаған. Олардың қатарында Ресейдің серіктесі саналатын Армения, Бразилия және Үндістан да бар.

Резолюцияда «Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағаны», «бұған дейін Грузияға агрессия көрсеткені», «Ресейдің құрбандарға шығынды өтеу міндеті» жайлы айтылады.

«Еуропа алдында тұрған ең үлкен мәселе БҰҰ мен Еуропа кеңесінің қарым-қатынасын нығайтуды талап етеді. Бұл елдердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтей отыра бейбітшілік орнату үшін, адам құқығын сақтау үшін, соғыс кезінде халықаралық гуманитарлық құқықтарды сақтау үшін, халықаралық құқықты бұзғандарды жауапқа тартып, құрбандарға шығынды өтеу үшін маңызды» деп жазылған резолюцияның 9-параграфында.

Құжатқа Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа, Сирия қарсы дауыс берді. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қалыс қалған елдердің қатарында. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі қарарды «айыптауы басым саясиландырылған құжат» деп сынады.

Еуропа кеңесі – Еуропа одағының құрылымына кірмейтін халықаралық ұйым. Мақсаты – құрамына енетін 46 елдің арасында адам құқығын қорғау, демократия, заң үстемдігі және мәдени байланысты нығайту.

Ресми Астана Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты бейтарап позицияны ұстанып отыр. Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға соғыс ашуын ашық сынаған жоқ, бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеген.

Қазақстан осыған дейін Ресейдің Украинаға ашқан соғысын сынайтын қарарлардың көбінде қалыс қалып келген. Ал Ресейден Украина аумағынан әскерін алып шығып, агрессияны тоқтатуды талап еткен қарарға қарсы дауыс берген.

Источник

Exit mobile version