Қазақстанда үш айға пияз экспорттауға тыйым салынды. Ондағы мақсат елден жаппай пияз тасуды тоқтату және оның бағасын тұрақтандыру, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Мұндай шешімді сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған.
«Үшінші елдердің Қазақстан пиязына деген сұранысы Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі — Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны әлемде, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз қымбатшылығын туғызды» деп жазылған ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.
Пияздың бағасына сонымен бірге Қазақстан оңтүстігіндегі қатты аяз бен Өзбекстандағы пияздың бір бөлігінің жарамсыз қалуы әсер еткен. Соның салдарынан ірі өндірушілер Қазақстан пиязын жаппай импорттай бастаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 1,1 млн тонна пияз өндірілген. Қазақстандықтар жыл сайын орташа есеппен 315 мың тонна пияз тұтынады.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі кезде елде 152,4 мың тонна пияз қоры бар, бұл былтырғы өнімнің 14 пайызына тең. Бұл қор жаңа пияз шыққанға дейін жетуі тиіс.
Былтыр күзде Қазақстанда көмірді көлікпен тасымалдауға уақытша тыйым салынған. Оның алдында сәуірде ауыл шаруашылығы министрлігі бидай пен ұн экспортына шектеу енгізді.