Сәрсенбі күні мәжілісте сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңға енгізілетін өзгерістер талқыланған.
Онда заң жобасы авторларының айтуынша, кірісі мен шығысы сәйкес келмейтін шенеуніктерді жазаға тарту, шенеуніктерге шетелге қаржы әкетуіне жол бермеу мәселелері қарастырылған.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетінің «ұрлаған қаржысын» елге қайтару мәселесі жиі көтеріле бастаған еді. Мұндай талап 13 ақпан күнгі Алматыда өткен митинг кезінде де айтылған.
Сәрсенбі күні агенттік басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңға түзетулердің талқылануына қаңтар оқиғасы әсер етпегенін, заң жобасы былтыр маусымнан бері парламентте жатқанын айтты.
2 ақпанда мәжілісте соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылғаны, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екені айтылған. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да аты жүрген 2016 жылғы «Панама тізімі» туралы зерттеу айтылған еді.
Ақпан айының басында Ұлыбритания парламентінде «халықты тонап байыған» қазақ олигархтарына санкция салу мәселесі талқыланған. «Санкция салынуы тиіс» тұлғалар тізімде кемінде 28 адамның аты аталады. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар.