Site icon KAZAKBOL

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында дизель тапшылығы байқалады (видео)

Қазақстанның кейбір өңірінде атап айтқанда, Алматы облысы мен Шымкент қаласында, Түркістан облысында дизель тапшылығы байқалды. Бұл туралы Азаттықтың аймақтағы тілшілері хабарлады.

22 маусым күні Алматы облысы Қарасай ауданындағы жанар-жағар май бекеттеріне барған жүргізушілер дизель таппай қиналған. Кейбір жерлерде дизель талонмен беріліп жатыр. Шамалғандағы Газпром мен Royalpetrol, Қазмұнайгаздың бірнеше жанар-жағар май станциясында бірнеше күннен бері дизель жоқ.

Шымкент пен Түркістан облысында да дизель тапшы. Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, мұнда шамамен бір апта бұрын литрі 184 теңгеден сатылған дизель қазір 192 теңгеден сатылып жатыр. Оның өзінде де барлық станцияда бола бермейді. Кейбір жүргізушілер дизель жоқ болғандықтан сапарын жалғастыра алмай, жолдан қалған.

Шымкентте Жібек жолы көшесіндегі жанар-жағар май бекеттерінің бірінде сейсенбі күні 20 шақты көлік дизельге кезекке тұрды. Жүргізушілер Түркістан облысының кейбір өңірінде дизельдің литрі 220-250 теңгеге дейін шарықтап кеткенін айтты. Кейбір бекеттердің өздері оны шектеп, яғни бір көліке 100 литрден асырмай сатып жатыр.

Өткен демалыс күндерінен бері әлеуметтік желіде де осыған қатысты видеолар тараған.

Ал Энергетика министрлігінің өкілі Мұрат Тұрдыбеков «дизель тапшылығын» жоққа шығарды.

– Мұны тапшылық деп атамас едім. Бұл үзіліс. Қазір министрлік Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына мұнай өнімдерін тезірек тасымалдауға тырысып жатыр. Бір апта беріңіз. Мәселені шешеміз. Жоспарлы жөндеуге кетпес бұрын кез келген зауытқа «міне, осындай кезеңде жағдай осындай болады» деп ескертеміз. Сұранысты өтеу үшін қор жасалады. Жұмсап қойғандықтан қор бітіп қалды, – деді 22 маусымда министрлік өкілі.

Дизель тапшылығына жүргізушілермен қатар диқандар да алаңдап отыр.

– Дәл қазір солярканың тапшылығынан алқапта қауын-қарбыз шіріп жатыр. Сіздер әлі отырсыздар «бір аптада шешеміз» деп. Бір аптада не болатынын білесіздер ме сіздер? Қанша адам миллиондаған адам зардап шегеді. Селитраны әрең таптық, енді солярка жоқ. Не масқара бұл? Жөндеу жұмысы болатынын білдіңіздер ғой сіздер. Алдын ала ескертуге болмас па еді? Дәл қазір енді не істейміз? Кім жауап береді бұған? — дейді Жетісай ауданының диқаны Сержан Тастанбек.

Қазақстанда жыл басынан бері жанар-жағар май бағасы қымбаттап келеді. Жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген кейбір мамандар оны мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырған.

Источник

Exit mobile version