Site icon KAZAKBOL

Қырғыз елшісі Украина жағында соғысқаны үшін істі болған азамат туралы тың мәлімет берді

Қырғызстанның Украинадағы елшісі Ыдрыс Қадырқұлов украин әскеріне көмектескені үшін істі болған қырғыз азаматы туралы жаңа мәлімет берді.

Украинадағы қырғызстандықтарды эвакуациялау басталған уақытта елшілік бұл азаматқа елге тегін қайтаруды ұсынып, соғысқа қатысуға болмайтынын бірнеше мәрте ескерткен, деп жазды елші «Фейсбуктегі» парағына.

«Бірақ ол Қырғызстанға оралудан бас тартты. Кейін бұл азаматтың аумақтық қорғанысқа қызмет ететін санитарларға көмектесіп жүргені мәлім болды. Мәліметті біз тез арада Қырғызстанның тиісті органдарына хабарладық», – дейді Ыдрыс Қадырқұлов.

Еске салайық, бұның алдында Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әлеуметтік желідегі парақшасында Украинадағы соғыстан фото-видео материалдарын жиі жариялайтын қырғыз азаматын анықтағанын мәлімдеген.

Комитеттің мәліметінше, аталған аккаунт иесі К.у.А. есімді азамат 2021 жылы желтоқсанда Украинаға жұмыс іздеп кеткен.

ҰҚМК «Қырғызстан азаматының шетелдегі қақтығысқа қатысу» бабы бойынша іс қозғаған. Комитет шетелдегі соғысқа қатысқан қырғыз азаматтары қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Ресей Украина аумағына 24 ақпанда басып кірді. Қазір қақтығыс негізінен елдің шығыс бөлігінде жүріп жатыр. Киев Ресей әскері 25 мың солдатынан айырылды деп мәлімдеген. Мәскеу көп адам шығыны болғанын мойындағанмен нақты санын айтпады. Соғыс басталғалы бері Қырғызстанға Украинадағы соғыста қаза болған үш адамның мәйіті жеткізілген. Олар Қырғызстанда туғанмен оларға Ресей азаматтығы болған.

Источник

Exit mobile version