Site icon KAZAKBOL

Қытайдың АҚШ-қа жауабы: «Олимпиадаға шақырту алмай тұрып, бойкот насихаттайды»

Қытай билігі Вашингтонның 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына «дипломатиялық бойкот» жариялаған мәлімдемесіне жауап қатты.

Ақпан айында Қытай астанасында өтетін Олимпиада ойындарына АҚШ президенті Джо Байден бармайды. АҚШ делегациясында спортшылар мен бапкерлер ғана болады.

«АҚШ әрекеті Олимпиада хартиясының дене шынықтыру мен спортта саяси бейтарап болу жөніндегі қағидасын өрескел бұзды», — деп мәлімдеді ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь.

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде «америкалық саясаткерлер Ойындарға шақырылмай тұрып, бойкот насихаттап жүр» делінген. Онда Вашингтон мәлімдемесі «саяси манипуляция» деп сипатталған.

Пекиндегі Олимпиадаға жарияланған дипломатиялық бойкотқа Жаңа Зеландия мен Литва да қосылды. Ұлыбритания, Канада және Австралия бойкотқа қосылу мәселесін қарастырып жатыр.

Осыған дейін Қытайдағы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялау мүмкіндігі туралы президент Джо Байден де айтқан. Ол бұған себеп ретінде Шыңжаңдағы ұйғырларды қысымға алу мен Тибет және Гонконгтегі адам құқықтарының бұзылуын атаған.

«Байден әкімшілігі Қытайдың Шыңжаңдағы геноцидін, сонымен бірге адам құқықтарын бұзған басқа әрекеттерін есепке ала отырып, Пекинде өтетін қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дипломатиялық және ресми делегация жібермейді» деді Псаки Ақ үйде өткен брифинг кезінде.

Пекиндегі қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылдың 4 ақпанында басталып, шамамен екі жарым аптаға созылады.

АҚШ соңғы рет 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына толығымен бойкот жариялаған.

Источник

Exit mobile version