18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласы әл-Фараби шағын ауданындағы уақытша баспанадан өрт шығып, ішінде болған бесіктегі сәби қайтыс болған.
Үй ішінде сәбимен бірге оның төрт бауыры және анасы болған. Олар үйден шығып үлгерген. Бұл туралы Азаттыққа Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова растады.
– Уақытша тұрғын-үй, 00:50 минутта өрт сөндіру қызметіне шақырту түскен. Біздің қызметкерлер басына барған кезде үй толығымен жанып жатқан. Барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде газ-түтіннен қорғау буынына қосылып, үйге адамның бар-жоғын анықтау мақсатында кірген. Нәтижесінде 2020 жылы туған сәбидің бесікте жатқан күйі өлі денесін тапқан. Үйде одан бөлек төрт қыз бала және анасы болған. Әкесі жол жүріп кеткен. Анасы төртеуін құтқарып үлгерген ғой. Шамасы ұйықтап жатқан болу керек, – деді Ережепова.
Әлия Ережепованың сөзінше, балалардың анасы 3 пайыз күйік алған, 2018 жылы туған қыз баланың 1 пайыз күйік алғаны анықталған. Қалған үш бала күйіктен аман. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Баспасөз хатшысының айтуынша, әзірге белгілі ақпарат бойынша бес баланың бесеуі де қыз бала. Бірақ бұл ақпарат нақтылауды қажет етеді дейді ол.
Әлеуметтік желіде өрт сөндіру қызметкерінің оқиға орнынан түсірілген баяндамасы тарады. Онда қызметкер, оқиға орнына 00:59 уақытта келгенін, 01:23 уақытында өрттің сөндірілгенін, үйдің 11 шаршы метрден тұрғанын айтады.
Қазақстанда уақытша баспаналардың өртке орануы жиі болады. 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етті.