Site icon KAZAKBOL

Өзбек билігі Twitter’ді бұғаттан босатты

1 тамыздан бастап Өзбекстанда Twitter, WeChat және VK (Вконтакте) әлеуметтік желілері ресми түрде бұғаттан босатылды.

Бұл туралы президент әкімшілігіне қарасты Ақпарат және бұқарамен байланыс агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, енді Өзбекстан билігі TikTok платформасының өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Мекеме келіссөз нәтижесі туралы қосымша мәлімет таратуға уәде берді.

«Бұғат дамуға бөгет жасайды», — делінген агенттік мәлімдемесінде.

Былтыр 2 шілдеде Өзбекстанда әлеуметтік желілердің бірқатары ашылмай қалған. Өзбек билігі «Төл мәлімет туралы» заңдағы азаматтардың төл мәліметін өңдеу жөніндегі бапқа сүйене отырып, республикада әлеуметтік желілерді шектеген. Facebook, Google, Mail.ru, Microsoft Skype, Telegram, Tencent Wechat, TikTok, Twitter және Яндекс секілді компанияларға Өзбекстан заңдарындағы талаптарды орындауы керектігін ескерткен.

2021 жылғы 3 қарашада елде Telegram, Facebook, YouTube және «Одноклассники» желілері істемей қалды. Оның алдында Skype, Twitter, TikTok, «ВКонтакте» және WeChat бұғатталған.

Әлеуметтік желілердің бұғатталуынан туындаған жанжал салдарынан өзбек үкіметінде дағдарыс болды. Әлеуметтік желілерге шектеу қоюға қатысы бар бірнеше шенеунік қызметтен алынды. Сол кезде президент Шавкат Мирзияевтің баспасөз хатщысы Шерзод Асадов әлеуметтік желілерді бұғаттан шығару жөнінде бұйрық түскенін хабарлады.

Источник

Exit mobile version