Site icon KAZAKBOL

Өзбекстанда 1 маусымнан бері нан 80 пайызға қымбаттады

Өзбекстанда мемлекеттің бидайды диқандардан нарық бағасымен сатып алу тәжірибесі ұн және дән азықтарының қымбаттауына алып келді.

1 маусымнан бері Ташкент дүкендерінде бір бөлке нан бағасы 1600 сумнан 2800 сумға дейін (80 пайыз) қымбаттады. Бұдан бөлек ұн және дән азықтары 30-40 пайызға өскен.

1 маусымнан бастап үкімет қаулысына сәйкес, диқандар бидайды нарық бағасына сата бастады. Яғни 1 келі бидайды 3 мың сумнан (0,27 доллар) сата бастады. Былтыр мемлекет диқандардан 1 келі бидайды 1850 сумнан сатып алған.

Украинадағы соғысқа байланысты әлем нарығында бидай мен дән азықтары жетіспей жатыр.

​»Уздонмахсулот» мемлекеттік кәсіпорны биыл диқандардан 1 млн 800 мың тоннаға жақын бидай сатып алатынын мәлімдеді.

«Биыл 1 млн 783 мың тонна бидай сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оның бір бөлігінен ұн өндіреміз, қалғаны қорда сақталады. Бізден бөлек жеке кәсіпкерлер шетелден бидай және ұн тасымалдайды»,– деді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Гофуржон Каршибоев.

Өзбекстанның қаржы министрлігінің өкілі Тулкин Мирзаев 2 маусымда Ташкентте өткен баспасөз мәслихаты кезінде ұнның қымбаттауы уақытша екенін айтқан.

«Бағаның өсуінің негізгі себебі Украинадағы соғысқа байланысты. Өзбекстанда ұн қоры жеткілікті. Жақын күндері нарыққа қосымша 50 тонна ұн шығарамыз, сол кезде баға қалпына келеді», – деген Мирзаев.

Өзбекстанның ауыл шаруашылығы министрлігі маусым-шілде айларында елде 7 миллион 679 мың тонна бидай жиналады деп болжам жасаған. Былтыр жиналған түсім 6 миллион 656 мың тоннаны құраған.

Источник

Exit mobile version