Site icon KAZAKBOL

Өзбекстанда су тапшы екеніне қарамастан, Ташкент тәліптерге канал қазуға көмектеспек

Өзбекстан су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевтың 20 маусымдағы баспасөз конференциясында мәлімдеуінше, мемлекет тәліптерге Әмудариядан тартылатын Коштепа каналын қазуға көмектеседі. Бұл туралы «Газета.uz» хабарлады.

Министрдің айтуынша, өзбек делегациясы биыл 22 наурызда Кабулда болып, тәліптер үкіметінің Коштепа каналына қатысты жоспарына алаңдап отырғанын жеткізген. Өзбек делегациясы мұндай канал Өзбекстанда су мәселесін туғызуы мүмкін екенін айтқан. Тәліптер бұл жоба Ауғанстанның азық-түлік мәселесін шешу үшін қажет екенін, сол себепті канал құрылысы тоқтамайтынын түсіндірген.

Шавкат Хамраевтың мәлімдеуінше, содан кейін Өзбекстан канал құрылысында қате кетпес үшін тәліптермен әріптес болуды ұсынған. Министрдің айтуынша, жақында өзбек делегациясы тағы да Кабулға барып, осы мәселеге қатысты келіссөз жүргізеді. Министрдің пікірінше, «Ташкенттің тәліптермен достық диалог орнатуы — ең дұрыс әрі тиімді жол».

Өзбекстандағы сарапшылар тәліптер канал қазған жағдайда Әмудария суы одан сайын тартылып, Өзбекстанның су қоры одан сайын азаяды деп есептейді.

Ауғанстанда Коштепа каналы салынып жатқаны 2023 жылғы наурызда мәлім болды. Оның ұзындығы 285 шақырым, ені – 100 метр, тереңдігі – шамамен 8,5 метр. Құрылыс бес жылға созылады, содан кейін Ауғанстан 10 текше шақырым су, яғни Әмудария өзенінің үштен бірін алады. Тәліптердің жоспары бойынша, канал Ауғанстанның солтүстігіндегі үш ауданды су қамтамасыз етеді.

1 сәуірде президент Шавкат Мирзияев су ресурсын тиімді пайдалануды көздейтін жарлыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, биыл Сырдариядағы су көлемі 10-15%, ал Әмудария деңгейі 20% төмендейді.

Источник

Exit mobile version