Site icon KAZAKBOL

Өзбекстанда жетімдерді милиция қызметкерлері де асырап алып жатыр (видео)

16 қаңтарда әлеуметтік желілерде ташкенттік танымал кәсіпкер Мурад Назаров №23 балалар үйіндегі тоғыз баланы асырап алғаны туралы ақпарат тарады.

Мәліметті Murad Buildings компаниясының өкілдері жергілікті журналистерге растады.

Былтыр тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жетімдер мен ата-анасы бас тартқан балалар тұратын үйлерді жабу туралы жарлық шығарған. Содан бері Қарақалпақстандағы, сонымен бірге Навои, Ферғана, Наманган, Хорезм облыстарындағы балалар үйлері жабылған.

«Қайырым» үйлері жабылғанымен, Өзбекстанда төрт айдың ішінде жүзге жуық Отбасылық балалар үйі ашылған.

Ресми баспасөздегі мәліметтерге қарағанда, жетімдерді «Қайырым» балалар үйлерінің басшылары мен қызметкерлер, облыс және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан, ІІМ, сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлер асырап алған.

Жетім балаларға қамқор болғандарға мемлекет ай сайын шамамен 1 миллион 300 мың сум (120 доллар) төлейді. Мүгедек балаларды асырап алғандар 2 миллион 700 мың сум (шамамен 250 доллар) алады.​

ЮНИСЕФ Өзбекстан үкіметінің балалар үйі институтын жоюға бағытталған реформасын қолдайтынын мәлімдеп, бірақ мұндай жұмысты дұрыс жоспарлау қажет екенін ескертті.

Exit mobile version