Ош милициясы әуежай маңында жұмыс істейтін 105 таксишіні әңгімелесуге шақыртты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіен Ош облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Женишбек Аширбаев хабарлады.
Оның айтуынша, 25-тен астам таксиші милицияда болды.
Бұның алдында Өзбекстан азаматтары Ош әуежайы маңындағы таксишілер әрекетіне шағымданған. Жолаушылардың айтуынша, таксишілер оларды автокөлікке мәжбүрлеп отырғызып, екі ел арасындағы шекараға дейін 5-6 шақырым жерге адам басына 500 сомнан (шамамен 6 доллар) төлеттіреді.
Өзбекстандықтар Азаттық радиосына да хабарласып, Оштағы таксишілер жолаушыларды кейде 5 мың сомнан төлеуге мәжбүрлейтінін айтқан. Оштағы таксишілер әрекеті әлеуметтік желілерде де жиі талқыланады.
Өзбекстан азаматтарының дені Ресейге Ош қаласы арқылы қатынағанды жөн санайды. Себебі мұнда ұшақ билетінің бағасы әлдеқайда арзан.
Былтыр өзбекстандықтар Қырғызстан билігіне шекара қызметкерлерінің үстінен шағымданған. Алайда Қырғызстан шекара қызметі арызда айтылған жайттар расталмады деп жауап берген.