Қыз зорлау. Көрнекі фото: Интернет желісінен
Бұл туралы портал тілшісіне жәбірленген қыздың әжесі Айжан Әмірсанақызы мәлімдеді.
Наурыз айында порталымызда «Алматыда тоғыз жасар қызды жездесі мен нағашы атасы қорлап келген» деген тақырыпта қылмыстық істің жабылып қалуы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Екі жылға созылған тергеу ісін күні кеше айыпталушы тараптың пайдасына шешіп, жауып тастаған. Жәбірленуші жақ мұнда бір шикілік бар деген күмандарын айтып отыр.
«Кеше кешке жақын сағат сегізден 25 минут кеткенде тергеуші Сергей Старжинский хабарласып, істі жабамыз дейді. Мен бетпе-бет жүздесу болмады, бір айдың ішінде не істедіңдер, түк жұмыс істемедіңдер ғой десем үндемейді», — дейді Айжан әжей.
Жәбірленуші қыздың заңгері Кәмшат Есмұхамбетқызының айтуынша, Алматы қаласы ІІБ тергеушілері істі бекерге жауып отырған жоқ. Болжам бойынша, сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі мүмкін.
«Бұлар істі жаппай жатып, өздерінің көзқарастарын білдіріп қойды. «Бір нәтиже шығарайын деп жатсыз ба, ешқандай нәтиже шығара алмайсыз. Себебі біз істі жапқалы жатырмыз» деді маған. Сол 26 тамыз күні менің талап-тілегім қанағаттандырылған болатын, 31 күні менің қолыма хатты беріп, істі 1-ші шілде жауып тастап отыр. Мұндай олқылықты сіз көрдіңіз ба?! Тергеушілер осы істі жабудың амалын жасап, барынша тез қимыл-әрекеттер жасады. Бізді тоғыз ай шапқылатып, жеті ай Алматы қаласының ІІБ сенделтіп, ал бір айда істі жабады деген не сұмдық?!», — дейді заңгер.
Олардың бар өтініші күдіктінің лайықты жазасын алып, аталған қылмыстық істің Ішкі істер министрлігінің тергеу бөліміне берілуі.
«Бұл іс Ішкі істер министрлігінің тергеу бөліміне берілсе деген талап-тілегім бар. Бұл жерде өте көп заңсыздықтарға жол беріліп отыр. Заң бойынша тергеуші мұндай заңсыздыққа жол бермеуі тиіс. Қыздың ары -ұлттың ары емес пе?! Басшылар қайда қарап отыр?! «, — дейді заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы.
Заңгер туған қызын емес, сіңілісінің күйеуін жақтаған қатыгез ананы психиатриалық тексеруден өткізу керек екенін алға тартады.
«Талап-тілектер бойынша анасының сот псиxиатриалық сараптама өтуін сұрап отыр. Себебі қызының түсініктемесімен анасының түсініктемесінің ортасында үлкен қарама қайшылық орын алуда. Тергеу бөлімі осы себепті беттестіру жасап отырған жоқ», — дейді ол.
Алматы қалалық ІІБ ғимаратының алдында тұрған журналистерді көрген тергеуші Сергей Старжинский мен ОРППЛ тергеу бөлімінің басшысы Азат Егенов жауап беруден бас тартып, қашып кетті.
Еске салсақ, тоғыз жасар қызды жездесі көмірханада қолын байлап, зорлап тастаған. Бұл туралы жасөспірім 13 жасында ауырып, гинекологқа әжесі тексеруге апарғанда айтқан. Бүгінде 15 жасқа келген қыз әжесінің қолында. Анасы қызын зорлаған күйеу баласын жақтап, туған қызынан бас тартқан.