Site icon KAZAKBOL

Ақ үй: Бахмут түбіндегі ұрыста Ресейдің 20 мың сарбазы өлді

Кейінгі бес айда Украинаның Бахмут қаласы түбіндегі ұрыста Ресейдің шамамен 20 мың жауынгері өліп, 80 мыңға жуығы жараланған. Сарапшылар Бахмутқа шабуыл тығырыққа тірелді деп есептейді.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі стратегиялық байланыс жөніндегі үйлестіруші Джон Кирби дүйсенбі күні америкалық барлау қызметінің мәліметіне сүйене отырып тың деректер келтірді.

Кирбидің айтуынша, Бахмут түбінде өлген жауынгерлердің жартысы — «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы сарбаздары. Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста қаза тапқандар туралы деректі соңғы мәрте былтыр қыркүйекте жариялаған — 5 937 адам.

«Вагнер» әскери компаниясының негізін қалаушы әрі демеушісі Евгений Пригожин де қаза болғандар туралы мәлімет бермеді, бірақ шығын «көп» екенін мойындады. BBC Орыс қызметінің ашық деректерге сүйене отырып таратқан мәліметінше, сәуірдің аяғына қарайғы мәлімет бойынша Украинадағы соғыста кем дегенде 21 мың 700 ресейлік жауынгер қаза болған.

Джон Кирби барлау қызметінің украин армиясының шығыны туралы дерегін жарияламады. Ол бұны қарымта шабуылға дайындалып жатқан «одақтас мақсатын қиындатқымыз келмейді» деп түсіндірді. АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі өкілінің айтуынша, Құрама Штаттар Киев сұраған «әскери көмектің шамамен 100 пайызын берген».

Источник

Exit mobile version