Халықаралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасы, сенатор Боб Менендез (демократ, Нью-Джерси) және тағы бес сенатор АҚШ әкімшілігінен алда өтетін келіссөздерде адам құқықтары шектелетін Өзбекстан басшылығына қысым көрсетуін сұрады.
6 желтоқсанда жарияланған хатта сенаторлар «Өзбекстанның адам құқықтары саласындағы жетістіктерін» мойындайтынын, бірақ өзбек билігі «президент Шавкат Мирзияев уәде еткен» реформаларды жүргізу керектігін жазды.
Осы айда екі елдің өкілдері стратегиялық әріптестік жөнінде алғашқы диалог өткізеді.
Сенаторлардың мәлімдеуінше, бұл кездесуді өзбек билігінің адам құқықтарына құрметін арттыруға пайдалану қажет. Сенаторлар Өзбекстанда сөз еркіндігі шектелетінін, саяси либерализм жолында ешқандай өзгеріс байқалмайтынын жазды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге жолданған хатқа сенаторлар Крис Ван Холлен (Мэриленд), Дик Дурбин (Иллинойс), Кирстен Гиллибранд (Нью-Йорк), Шеррод Браун (Огайо) және Бен Кардин (Мэриленд) де қол қойған.