АҚШ президенті Джо Байден жақын арада Ауғанстаннан Америка әскерін әкету туралы мәлімдеме жасайды. Вашингтон 2021 жылдың 11 қыркүйегіне дейін Ауғанстаннан әскерін әкетуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Америка ақпарат құралдарына ресми ақпарат көздері хабарлаған. Осылайша Вашингтон 1 мамырға дейін әскер әкету туралы былтыр берген уәдесін орындамайды. Былтыр Дональд Трамп әкімшілігі кезінде тәліптермен келіссөз кезінде мамыр айына дейін әскер әкету туралы келісім болған деп жазады Би-би-си.
Бұған дейін Байден 1 мамырға дейін әскер әкету оңай шаруа еместігін мойындаған. АҚШ пен НАТО өкілдері тәліптердің уәдеде тұрмай, Ауғанстанда күш көрсетуін доғармай отырғанын бірнеше рет ескерткен. Егер АҚШ әскерін әкетуге дайындық кезеңінде тәліптер шабуылын тоқтатпаса, онда оларға «жауап қайтарылатыны» жайлы ескерту де жіберілген.
Әскер әкетудің жаңа мерзімі 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактіні еске алу күнімен сәйкес келеді.
Джо Байден мәлімдемесін сәрсенбі, 14 сәуірде жасайды деп айтылады.