Site icon KAZAKBOL

АҚШ Еуропадағы контингентін кеңейтіп, Польшадан тұрақты штаб құрады

АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбіде Мадридте өткен НАТО саммитінде Ресейдің қауіп-қатеріне жауап ретінде әскер санын кеңейтіп, Польшадан тұрақты түрде 5-армия штабын құратынын мәлімдеді.

«Американың жаңа әскери кемелері Испанияға, жойғыштар эскадрильясы Ұлыбританияға, құрлық әскері Румянияға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамы Германия мен Италияға, қару-жарақтың кең спектрі Балтық елдеріне жөнелтіледі», — деген Байден.

Ол мұның бәрі аймақтардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында жасалынып жатқанын, Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін, НАТО аумағының әр шаршы метрі қорғалады деп атап өтті.

Қазір Еуропада АҚШ әскерінің 100 мың сарбазы бар. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, әскер санын тағы 20 мыңға көбейтті.

НАТО-ның шығыс қанаты болып есептелетін Польшадағы әскери штаб американың тұрақты контингентіне айналады. Вашингтонның бұл шешімін Польша президенті Анджей Дуда қолдап отыр.

Ресейдің СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков Вашингтон «шиеленістің күшеюінен қашу мүмкіндігін жіберіп алды» деп, 100 пайыз қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қарсы шара жасайтынын ескертті.

Саммит кезінде Байден Түркия президенті Режеп Ердоғанмен де кездесті. Ол Ердоғанға Швеция мен Финляндия елдері лидерлеріне сенім білдіргені үшін алғысын жеткізді. Осыған дейін Түркия аталған елдердің НАТО-ға кіруіне қарсылық танытқан.

Источник

Exit mobile version