Site icon KAZAKBOL

Ақтөбе облысының газ өңдеу зауытындағы өрт: күйіп қалған төрт жұмысшының жағдайы ауыр

Ақтөбе облысында Жаңажол кенішіндегі №2 газ өңдеу зауытында болған өрт кезінде күйіп қалған төрт жұмысшының жағдайы ауыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Газ өңдеу зауытының жұмысшылары Кеңқияқ кентіндегі ауруханаға 1 мамыр күні 17.00 шамасында түскен. Денесінің белден жоғары бөлігін термиялық күйік шалған жұмысшылардың жасы 32, 52, 53 және 56-да. Төртеуі де жарақаттан екінші, үшінші дәрежелі шок алған.

Ақтөбеден санавиацияның бір тікұшағы мен үш реанимобиль шыққан. Кеңқияқ ауруханасындағы төрт жұмысшы 2 мамырда облыс орталығына жеткізіледі. Күйген жұмысшылар жол жүруге жарамды, төртеуі де сөйлеп жатыр.

Жаңажол газ өңдеу зауытындағы өрт туралы хабар «112» нөміріне 1 мамырда сағат 15.55-те түскен. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеңіл көмірсутегі қондырғысы өртенгенін хабарлады. Өрт 2 мамыр күні сағат 6.30 шамасында толық сөндірілді.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті 20 тонналық бес цистернаға өрт қаупі төнгенін, бірақ құтқарушылар оған жол бермей, түнімен жұмыс істегенін хабарлады. Өрт неден шыққаны анықталып жатыр.

Қытайдың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы мұнай өндіріп, газ өңдейтін Жаңажол кеніші Ақтөбе облысының Батпақкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан.

Источник

Exit mobile version