Site icon KAZAKBOL

Ақтөбе тұрғыны Қазақстанның жарқын болашағына сенбеген азаматты сотқа берді

Ақтөбе тұрғыны Facebook желісінде Қазақстанның жарқын болашағына сенбеген жігітті сотқа берді деп хабарлайды Экспресс-К басылымы.

Оқиға былай басталған. Аслан есімді желі қолданушысы (аты өзгертіліп алынды — ред.) Facebook желісіне жазба қалдырып, қазіргі жағдайды сынға алыпты.

«Біздің еліміз қызық: зейнеткерлік жасты көтеріп жіберді, бірақ жұмыс істейтін жер жоқ; жатып ішерлікке жол бермейді, алайда жаппай қысқарту жүріп жатыр; автокөлік үшін салық төлесек те, шұрқ тесік жолда жүреміз; баға көтеріліп жатыр, жалақы қысқаруда», — деген жазбасын жариялайды қолданушы.

Алайда, Асланның бұл жазбасы оның Қайрат (аты өзгертіліп алынды — ред.) есімді танысына ұнамай қалады да, ол «ұнамаса, ешкімді де ұстамаймыз» деген пікірін қалдырады.

Аслан Қайраттың отансүйгіштік пікірлеріне қарсы өткір жауап қайтарып, оны топас деп атаған.  Ал мұндай жауап күтпеген Қайрат өз елінің жарқын болашағына сенетінін айтып, өзіне дөрекі жауап берген Асланды сотқа береді.

Істің насырға шапқанын сезген Аслан Қайратты татуласуға шақырды. «Мен Қазақстанның нағыз патриоты болғандықтан, бұл жазба менің намысыма тиді», — деді сотта Қайрат.

Өз кінәсін түсінген Аслан кешірім сұрап, жазбасын желіден алып тастады. Қайрат кешірім берген соң, сот істі жауып тастаған.

Дмитрий Матвеевтің мақаласынан аударылды. 

Exit mobile version