Site icon KAZAKBOL

Ақтөбеде көпбалалы анаға түрмедегі адамның пәтері берілген (фото)

Көпбалалы ана. Фото: aktobenews.kz

Ақтөбелік көпбалалы ана Галина Новикованың отбасы баспаналы болды. Отбасының ауыр жағдайына байланысты қалалық әкімдік уақытша тұруға «Нұр Ақтөбе»шағын ауданынан бір бөлмелі пәтер берген деп жазады aktobenews.kz.

Бірақ Галина бұл бір бөлемі пәтердің уақытша берілгенін және оның иесі жазасын өтеп жатқанын айтып алаңдап отыр.

«Пәтердің иесі абақтыдан шыққан соң өз үйіне келіп, біз далада қаламыз ғой», — дейді қамыққан әйел.

Галина Новикованың сүт зауыты ауданындағы үйі өртеніп кеткен соң, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жастайынан балалар үйінде тәрбиеленген оның арқа сүйер ағайын-туысы да, тұрақты жұмысы да жоқ. Баспана алуға 2008 жылы өтініш берген. Кезек ол ойлағандай жылдам жылжитын емес.

«Бұрын тұрған үйіміз жақсы еді. Жылы болатын. Алайда, ол өртеніп кеткен соң, бармаған жерім жоқ. Балаларымды ертіп, пәтер жағалап кеттім. Бірақ, ақысын төлей алмаған соң, екі-үш күннен кейін қайта босатуыма тура келді. Қазір енді осында тұрып жатырмыз. Уақытша болса да, әйтеуір көңіліме медеу. Көмектескен жандарға үлкен рахмет. Дегенмен, өз үйіміз болса екен», — дейді Галина Новикова.

Галинаның күйеуі өмірден ерте озған. Қазір соңынан ерген бес баланы бір өзі асырап отыр. Үлкені туа бітті мүгедек. Бірнеше рет Астанаға барып арқасына ем жасаған. Қазір үй жағдайында білім алады.

Одан кейінгі екі баласы мектепте оқыса, ең кенжесі екі жаста. Асыраушысынан айырылуына байланысты ай сайын жәрдемақы алып тұрады. Отбасының күнкөрісі де сол көммеке байланысты. Одан бөлек, еріктілер жәрдемдесіп тұрады. Галинаның арманы баспаналы болып, балаларын жетілдіру.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Сүлейменованың айтуынша, Ақтөбе қаласында Новиковтер сияқты ауыр халдегі 3200 отбасы бар.

Exit mobile version