Көрнекі фото: mosday.ru
Ақтөбеден тағы да тастанда бала табылды. 9 шілде күні түс ауа полиция қызметкерлері дүрлікті деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
Қаланың ескі бөлігі Қонаев көшесіндегі аялдамадан жаңа туылған сəби табылған. Оқиға болған жерге жиналған полиция қызметкерлері қалада ешқандай жағдайдың тіркелмегендігін жəне бала туралы ақпарат туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтты.
«Ешқандай бала табылған жоқ. Біз өзіміз жұмыс жасап жүрміз. Ешқандай ақпарат беруші болмаңдар», — деп олар жағдайды жұмбақ қалдырды.
Полиция қызметкері бұл хабарды жасырғанымен оқиға куəгерлері жайып салды.
Оқиға куəгерлері баланы тауып алған келіншектің оның анасы болуы мүмкін екендігін айтады.
«Жұмыста отырғанымда бір келіншек жаңа туылған бала тауып алғанын айтып көмек сұрады. Ол телефонының жоқтығын айтып, дəрігерге хабар беруімді өтінді. Баланы қолына ұстап жүрген соң кеңсеге кіргіздім. Өзі бала менікі емес, менің екі балам бар, жолдасымнан ажырасып кеттім деп айта берді. Есі ауысқан адамдай қобалжып тұрды. Қоңырау шалғаннан кейін бір минуттың ішінде бəрі жетіп келді. Əйелді полиция түсініктеме алуға, баланы жедел жəрдем алып кетті. Баланың ұлты — орыс екен», — дейді оқиға куəгері Алексей.
Келіншек құндақтаулы баламен Жангелді көшесінде 80 үйдегі құрылыс компаниясына келіп көмек сұраған.
«Жанкелді көшесінен жаңа туылған баланың табылғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына бригада барып, баланы перзентханаға жеткіздік. Жағдайы қалыпты», — дейді жедел жəрдем стансасы бас дəрігердің орынбасары Дастан Панаева.
Ақтөбеде осыған дейін табылған тастанды балалардың аналары табылмаған болатын.