Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 27 ақпанда Астанада журналистерге үкімет пен парламент жиындарын қазақ тілінде өткізуге көшуде «асыра сілтеу» болмайтынын мәлімдеді.
26 ақпан күні кешке Қазақстан президенті әкімшілігі президент Нұрсұлтан Назарбаев министр Дәурен Абаевпен кездесіп, оған «қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмысын жалғастыруды» тапсырғанын хабарлаған. 27 ақпанда өткен үкімет жиынында министрлердің көпшілігі баяндамасын қазақ тілінде жасаған.
Қазақстан заңдары бойынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де қолданылады.
«Президент қазақ тілі мен орыс тілін ешқашан кемсітпеуіміз керек деп үнемі айтып жүр. Бұл мәселе жер-жерде біртіндеп, қысымсыз және асыра сілтеусіз шешіледі» деді Абаев үкімет жиынының арасында.
Дәурен Абаевтың айтуынша, үкіметте орыс тілін пайдалануға тыйым салу туралы айтылған емес. Министрдің ойынша, «үкімет пен парламент қазақ тілінде жұмыс істеуге дайын, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі».
«Менің түсінігімше, мемлекет басшысы үкімет пен парламент жиындарында мемлекеттік тілге өтеміз дегенді меңзеді. Менің ойымша, бұл – мемлекеттік тілді білуге қатысты мәселе. Біз үкімет пен парламентте мемлекеттік тілде сөйлеуге көшуге тиіспіз. Менің білетінім, «тек» деген сөз айтылмады. Егер үкімет мүшесіне ойын орыс тілінде жеткізу ыңғайлы болса, оны ешкім қудаламайды деп ойлаймын» деді Абаев.