Site icon KAZAKBOL

«Адал жол – Честный путь» марафоны қазыналы Қарақия ауданынан Жаңаөзен қаласына табысталды

Айта кету керек, «Адал жол» марафоны сәуір айында Ақтау қаласынан бастау алған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара осыған дейін Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарында болып, енді міне Жаңаөзен шаһарына табысталды.

Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында өткен шара кезінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев және Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Кұмісқали сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру баршамызға ортақ парыз. Марафон жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Барлық аудандар барын салуда. Енді алда Мұнайлы ауданы күтіп тұр. «Адал жол» кітабына өздеріңіздің ұсыныстарыңыз немесе тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Мұның тәрбиелік мәні зор, әсіресе жастар үшін. Баршаңызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға шақырамыз. Ең маңыздысы оның салдарымен емес, себебімен күресу қажеттігін еске саламыз», — деді Қайрат Байгебаев.
Марафон Жаңаөзен қаласына табысталған соң, ерікті жастар би билеп, аудан өнерпаздарының ән шашуына жалғасты. ҚР Конституциясы күнімен тұспа тұс келген марафонға халық көп жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері, кәсіпорын басшылары, аға буын, белсенді жастар мен студенттер және аудан тұрғындары бар.
Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Байбузов, эстафета туын және өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәліметтер мен тілектер жазылған кітапты салтанатты түрде қабылдап алды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған марафон аясында түрлі шаралар енді Жаңаөзен қаласында өткізілмек, атап айтқанда спортық сайыстар, автошеру, дөңгелек үстелдер, конференция, пікірталас алаңдарын ұйымдастыру, лекция және т.б.
Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ мемлекеттік қызметшілерді және құқық қорғау органдарының өкілдерін алғыс хатпен марапаттап, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарын табыстады.
Айта кету керек, «Адал жол – Честный путь» акциясы еліміз бойынша барлық өңірлерде өтіп жатыр. Шара желтоқсан айында қорытындыланады деп жоспарланған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі

Exit mobile version