Алып қашу кезінде өлтірілген 27 жастағы Айзада Канатбекованың адвокаты Нурбек Токтакунов милиция салғырттық танытып жатыр деп мәлімдеді. Ол Facebook парақшасы арқылы өткен аптадан бері Айзаданың өлімі бойынша құқық қорғау органдары қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.
«Дене табылғаннан бері бес күн өтті. Тергеушілер осы күнге дейін Айзаданың анасынан жәбірленуші ретінде әлі мойындамады әрі туыстарынан сұрақ алған емес. Бұл оқиға бойынша күдіктілер ұсталып, тергеу жұмыстары жүріп жатқаннан соң, жәбірленуші тарап тергеу ісіне қатысуға құқылы. Милиция оқиға болған жерге емес, Айзаданың анасының ауылына барып, көршілерінен қыздың жүріс-тұрысы туралы сұрып жүр. Оның үстіне туыстарын шақырып, милицияның салғырттығы туралы ауыз ашпауға шақырып жатыр»,- дейді адвокат.
Қырғызстанда қыз алып қашумен байланысты қайғылы оқиғадан кейін наразылық тұтанды (видео)
Адвокат бұл іс бойынша тиісті органдарға шағымданған.
5 сәуірде Бішкекте белгісіз біреулер 1994 жылғы Айзада Канатбекованы көлікке отырғызып, алып қашып кеткен. Екі күннен соң оның денесі табылды. Алып қашқан көліктен сонымен бірге 31 жастағы ер адамның да денесі табылған. Алдын ала болжам бойынша, ер адам жанжал кезінде қыз баланы тұншықтырып, кейіннен өзіне қол салған.
Бұл оқиға қырғыз қоғамын дүрліктірді. 8 сәуірде тұрғындар ішкі істер министрлігіне барып, наразылық өткізіп, Канатбекованың өліміне кінәлілерді тез арада табуды, осындай оқиғаға жол берген ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті.