Site icon KAZAKBOL

Алматы соты «Халық парламентінің» митингісіне қатысқан Абдуллаев пен Әтінбаевқа айыппұл салды

18 сәуірде Алматыда сот сайлау нәтижесіне қарсы митингіге қатысқан белсенділер Құдайшүкір Абдуллаев пен Бауыржан Әтінбаевқа айыппұл салды. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің өзі хабарлады.

Сот екі белсендіні «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп айыптаған. Сот қаулысына сай, Абдуллаев 172 500 теңге (50 АЕК), Әтінбаев 72 450 теңге (30 АЕК) айыппұл төлеуге тиіс.

«Халық парламентін» құрдық деген бір топ белсенді 9 сәуірде Алматыдағы Республика алаңында 19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының нәтижесіне қарсы шыққан. Сот қаулысында 34 жастағы Әтінбаев «Республика алаңында сайлау қорытындысына қарсылық білдіріп, айқайлап, әкімдіктің келісімінсіз және рұқсатынсыз көпшiлiк iс-шараға қатысты» деп жазылған.

Әтінбаев өзі митингіге барғанын мойындағанымен, заң бұздым деп есептемейді. «Сөз сөйлеген жоқпын, тек өлең оқыдым» деген белсенді сот қаулысына апелляциялық шағым түсірмек.

9 сәуірде «Халық парламентінің» бейбіт митингісіне қатысқан 58 жастағы Құдайшүкір Абдуллаев та айыппұл төлейтін ақшам жоқ деп, апелляциялық шағым түсіргенін айтты.

Алматы соты бұған дейін 9 сәуірдегі сайлау нәтижесіне қарсы бейбіт митингіге қатысқан саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлына, белсенді Мейіржан Әбдіманаповқа айыппұл салған. Ал саясаткер Мұхтар Тайжан мен белсенділер Әлнұр Ілияшев және Асылбек Қараев 15 тәулікке қамалған.

Қазақстанда жұрт бейбіт митингіге шығу үшін әкімдікке ескертіп, рұқсат алуы керек. Әкімдіктер билікті сынайтын бейбіт шараларға рұқсат бере бермейді. Белсенділер әкімдік рұқсат бермесе де, митингіге шығып жатады. Рұқсатсыз митингіге шыққан белсенділер қоғамдық тәртіп бұзбаса да, қамалып, айыппұл алып жатады.

19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының ресми қорытындысы бойынша, мәжілістегі басым орынды биліктегі «Аманат» партиясы алды. Мәжіліске тәуелсіз кандидаттардың басым бөлігі өтпей қалды. Олар дауыс санау кезінде заң бұзылғанын айтқан. Халықаралық бақылаушылар мен тәуелсіз бақылаушылар да дауыс санау, дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеген. Билік сайлау кезінде заң бұзылғанын мойындағанымен, ол фактілер сайлау нәтижесіне әсер етпеді деген.

Источник

Exit mobile version