Site icon KAZAKBOL

Алматыда қаңтардағы оқиғаның салдарынан 11 полицей, 149 азамат қаза болған

Алматыда қаңтардағы оқиғаның салдарынан 149 азамат, 11 полицей қаза болған. Бұл жөнінде қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов жексенбі күнгі брифинг кезінде хабарлады.

Полиция бастығы қаза болған азаматтардың басым бөлігі «қарақшылар мен террорист» екенін атап өтті. Оның айтуынша, «тәртіпсіздік» кезінде сонымен бірге бейбіт тұрғындар да қаза болған. Бірақ нақты санын айтпады.

Полиция бастығы қаңтар басындағы оқиғаның «хронологиясына» тоқталып, 4 қаңтарда басталған наразылық акциясына бірте-бірте «террористер мен қарақшылардың» қосылғанын айтты. Полиция мәліметінше, кемінде он мыңнан астам адам қоршауды бұзып, әкімдікті басып алған. Оларға адамды өлтірмейтін құралдар: су, шулы граната, жас ағызатын газ қолданылған. Таймерденов қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік, әуежай, президент резиденциясының басып алынғанын, полиция ғимаратына 27 рет шабуыл жасалғанын айтты.

Полиция бастығы қазіргі кезде 405 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын, 249 адамның қамауға алынғанын айтты. Қалада 2 мың нысан бүлінген.

Қазақстанда оқиға құрбандары мен заңсыз ұстаулар, азаптаулар, із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпараттар жиілеген шақта билік қаңтар оқиғасынан қаза болғандардың нақты санын айта бастаған.

Бір күн бұрын Бас прокуратура Қазақстанда тәртіпсіздік кезінде кемінде 225 адамның қаза болғанын хабарлаған. 4,3 мың адам жараланған. 2,6 мың адам дәрігер көмегіне жүгінген.

Республика бойынша 546 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр: терроризм бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34, адам өлтіру қылмысы бойынша 15 іс ашылған.

Бұған дейін ІІМ «жаппай тәртіпсіздікке» қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған еді.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты.

Бұған дейін билік оқиға кезінде 164 адамның опат болғанын хабарлағанмен ізінше мәліметті жоққа шығарған.

Қазір жергілікті ақпарат құралдары оқиғаға кездейсоқ тап болып, қаза болған азаматтар жөнінде жазып жатыр. Оқиғаға байланысты ұсталып, тергеу кезінде азапталғандар жөнінде де ақпарат жиі шығып жатыр. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзсіз жоғалған адамдар да көп. Олардың саны белгісіз.

Сарапшылар қаңтар оқиғасын Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы ең қанды оқиға ретінде атап отыр.

Источник

Exit mobile version