Алматыда пышақ жарақатынан танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Азия чемпионы, Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен көз жұмды. Ол бар болғаны 25 жаста еді.
Спортшыны шілденің 19-ы күні Алматыда түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақаттан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ержан Құттықожин спортшының клиникаға өте ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты.
«Туысқандарына, жақындарына көңіл айтамыз. Ауруханаға клиникалық өлім жағдайында түсті. Жедел жәрдеммен жеткізілді. Екі сағаттан астам операция жасадық. Өмірін құтқарып қалу үшін дәрігерлер барын салды. Маңызды органдары қатты зақымданған» деді дәрігер.
Қалалық ішкі істер департаменті: «Тен Денис Юрьевич көлігінен айна ұрлап жатқан екі адамның үстінен түскен. Жанжал барысында Денис Тенді пышақтап кеткен. Осы оқиға бойынша тергеу басталып, күдіктілерді іздеу шаралары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің «Адам өлімі» бабы бойынша іс қозғалды» деп мәлімдеді.
Спортшы маусымның 13-і күні 25 жасқа толған еді.
Алматы ІІД Денис Тенге жасалған шабуылға қатысты түсініктеме берді:
Жүктеп алу
Қазір әлеуметтік желіде спортшылар мен жанкүйерлер Денис Теннің өліміне қайғырып, көңіл айтып жатыр. Көңіл айтқандар қатарында Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық коньки спорты ұйымы (ISU) бар.
Халықаралық коньки спорты ұйымының (ISU) мүшесі Александр Кибалко ресейлік басылымдарға «Оның Сочидегі өнерін көрдім. Бұрынғы отандасыма жанкүйер болдым. Өзім Қазақстанда туған едім. Әлем спорты үшін, коньки спортшы үшін үлкен қайғы. Қазақстанға, Денистің отбасына көңіл айтамын» деді.
Пченчхандағы Ойындар кезіндегі Денис Теннің сұқбаты, ақпан айы, 2018 жыл.
Все новости по теме смотрите здесь.