Алматыда ең сымбатты сақалдылар сайысы өтті. Жеңімпазы халықаралық сайыста ел беделін қорғайтын байқауға нәзік жандылар да қатысты.
Бұл туралы «Экспресс К» басылымына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.
Сайыс жеңімпазы ел беделін АҚШ-тағы халықаралық байқауда қорғайтын болады. Талаптарға сәйкес, қатысушы сымбатты сақалын көрсетіп қана қоймай, белгілі бір рөлді сомдауы тиіс.
Мәселен, Кәмила Әлмешева атышулы Кончита Вурсттың бейнесін сомдады.
«Басты қарсыласым — Әминә Сәбитова. Ол Леонид патшаның рөлін шебер сомдады. Мен, тіпті алдымда ер адам емес, әйел тұрғанын түсінбей қалдым. Ал ерлердің арасынан мен өзіме бәсекелес ешкімді айта алмаймын», — деді Кәмила байқау барысында.
Гауһар Маймақова болса, Шыңғыс ханның рөлін таңдаған. Оның әпкесі Дания да Кончитаның рөлін сомдаған. Ал Лола Шамсан араб шейхіне айналды.
Сайыс соңында ең жұмсақ сақал атағын Александр Пушкинді сомдаған төрт жастағы Микхаэль Аудо жеңіп алды. Әмина Сәбитова көрермендер көңілінен шыққандардың жүлдесін иеленді.
Ал Кәмила Әлмешева Кончита Вурст образы үшін үшінші орын иеленіп, 100 мың теңге алды. Күміс орынды және Еуропаға екі билет сыйлығын Тимур Ибішев иеленді. Ал АҚШ-та ел намысын Стас Кайдалов қорғайтын болды. Ол сақалын жүрек пішінді етіп, шотландық киіммен шыққан.
«Жүрегім бос, өмірлік жарымды жолықтыруды армандаймын», — дейді Стас.
Татьяна Аладьинаның материалынан аударылды. Барлық фото: ©ЭК/Андрей Халин.