Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы «Талибан» қозғалысы басып алғаннан екі аптадан кейін Ауғанстандағы этникалық азшылықты құрайтын хазарларға қол салып, он үш адамды өлтіргені туралы баяндамасын жариялады. Олардың арасында 17 жастағы қыз да болған.
Бұл оқиға 30 тамызда Дайкунди орталық провинциясындағы Кахор ауылында болған. Тәліп әскері қашуға әрекеттенген екі тұрғынды және Ауғанстанның қауіпсіздік күшінде қызмет істеген 11 адамды өлтірген.
Amnesty International баяндамасында куәгерлердің сөзінше, ауған қауіпсіздік күштерінің тоғыз қызметкері тәліптерге бағынғаннан кейін көздерін жойған. Халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл әрекетті «әскери қылмыс» деп атады. Amnesty International жариялаған видео және суреттерде 11 адамның басына оқ тигені көрініп тұр.
«Бұл қатыгездікпен жасалған өлім жазасы тәліптердің Ауғанстанды бұрынғы озбырлық әрекеттерімен басқарып тұрғанын дәлелдейді», — деді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Агнес Калламард.
Ол Ауғанстанның «Талибан» басында тұрған өкіметіне мұндай ауыр қылмыстарға жол бермеу керек екенін айтып, оған қатысы бар барлық адамды жазалауға шақырды.
Ауғанстандағы хазарлар исламның шиит ағымын ұстанған саны бойынша елдегі үшінші этникалық топ. Бұл этникалық азшылық көптен бері сүннит ағымын ұстанатындардан қуғынға ұшырап келеді.