Site icon KAZAKBOL

Антальяда Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізді

Түркияның Анталья қаласында Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Дмитрий Кулеба келіссөз өткізді. Оған Түркия сыртқы істер министрі Мевлюта Чавушоглу де қатысты

Бұл соғыс басталғалы бері Мәскеу мен Киев арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі алғашқы келіссөз.

Келіссөз бір жарым сағатқа созылады деген болжам айтылған.

Келіссөзден кейін баспасөз жиыны кезінде Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келмегенін, Мариуполь тұрғындарына гуманитарлық дәліз ұйымдастыру мәселесі де шешілмегенін айтты.

«Келіссөз өте ауыр болды. Атысты тоқтату бойынша келісімге келе алған жоқпын. Киев Ресейдің талаптарын орындамайды. Киев қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге дайын, бірақ мұндай шешім әзірге жоқ», — деді Дмитрий Кулеба.

Лавров ядролық қауіпсіздік бойынша МАГАТЭ, Ресей және Украина сарапшылары арасында үш жақты кеңес өткізуді ұсынды.

«Біз басқа елдерге шабуылдаймыз ба? Біз басқа елдерге шабуыл жасауды жоспарламаймыз. Украинаға біз… көп рет түсіндірдік: Ресей федерациясының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнген шақ келді. Ресей экономикалық проблемаларымен өзі айналысады. Еуропа Ресейдің газын сатып алмаса басқа алатындар табылады. Мұнда (Антальяға — Ред.) атысты тоқтатуға келісу үшін келген жоқпыз. Оны Беларусьтегі келіссөз тобы талқылайды», — деді Лавров.

Бұған дейін екі елдің арнайы делегациялары Беларусьте үш рет келіссөз үшін кездескен. Тараптар Украинаның кейбір қалаларында бейбіт тұрғындарға арнап «гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға» келіскен.

Ресей әскері Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Украина жеріндегі шайқастарда мыңдаған адамның оққа ұшып, жараланғаны туралы мәліметтер шығып жатыр.

Источник

Exit mobile version