Site icon KAZAKBOL

Арнайы комитет Трампқа қылмыстық айып тағуды сұрады

Өкілдер палатасының 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылды зерттеумен айналысқан комитеті АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа төрт бап негізінде айып тағуға кеңес берді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Комитет мүшелерінің пікірінше, Трампқа ресми шараға кедергі келтіру, федералды үкіметке қатысты алаяқтық жасау үшін, жалған куәлік беру үшін уағдаласу, қарулы бүлік жасау айыптарын тағу керек.

Арнайы комитеттің бұрынғы президентке қарсы қылмыстық іс ашуға кеңес беруі АҚШ тарихында бірінші мәрте тіркеліп отыр, деп хабарлады агенттік.

Комитет ұсынысының заңдық күші жоқ, қылмыстық іс қозғау-қозғамауға қатысты түпкілікті шешімді АҚШ әділет министрлігі қабылдайды.

Арнайы комитет 18 айға созылған зерттеу барысында бір мыңнан астам куәгерден жауап алып, жүздеген мың құжат жинаған. Қаңтардан бастап Өкілдер палатасында республикашылдар көп дауысқа ие болады, сол кезде олар бұл комитетті жоюы мүмкін. Арнайы комитет құрамына Демократиялық партияның жеті өкілі, Республикалық партияның екі өкілі кірген.

2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп жақтастары Капитолий ғимаратына басып кіріп, демократ Джо Байденнің қарашадағы президент сайлауындағы жеңісін бекітуге кедергі жасауға талпынды. Шабуылдан соң бес адамның мерт болғаны мәлім болды. Олардың арасында полицияның бір офицері бар. Жүздеген адамға қарсы қылмыстық іс қозғалды, бірнеше адам сотталды.

Капитолийдегі оқиға қарсаңында Дональд Трамп Ақ үй маңында жақтастарының митингінде сөйлеген. Ол президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп мәлімдеген.

Қазір АҚШ-та Трамп әрекетіне байланысты үш тергеу жүріп жатыр. Федералды прокуратура Трамптың президент құжаттарын заңсыз сақтауын, жақтастарының Конгресс ғимаратына шабуылына оның қатысы бар-жоғын тексереді. Ал Джорджия прокуратурасы 2020 жылғы президент сайлауы кезінде Трамптың осы штаттағы сайлау нәтижесін өзгертуге талпынғанын тергеп жатыр.

Соған қарамастан Дональд Трамп бір ай бұрын 2024 жылғы президент сайлауына Республикалық партия атынан түскісі келетінін мәлімдеді. Ресми тіркелген республикашылдардың 80 пайызы Трампты жақтап отыр.

Источник

Exit mobile version