Полиция «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының заңгері, 54 жастағы Ирина Эмнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған. Ирина Эмнің пышақталған денесі Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы пәтерінен табылған.
Эмнің мәйіті өртенген пәтер ішінен шыққан. Пәтердегі өрт туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне 23 сәуірде түскен. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметіне қарағанда, пәтер ішінде жиһаз бен тұрмыстық заттар өртенген. Өрт себептері хабарланбаған.
Жергілікті БАҚ хабарына қарағанда, Ирина Эм жұмыс істейтін компания ол қаза болғанын растаған. Өзге ақпаратты тергеуге байланысты бермеген.
«Арселор Миттал Теміртау» заңгерлері апат кезінде зардап шеккен қызметкерлерге байланысты, өзге компаниялармен қатынастар туралы көптеген сотқа қатысады. Жергілікті журналистер заңгердің өлімі оның кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкін деген мәселе көтеріп жатыр. Өйткені әлдекім пәтер өртеп, із жасырғысы келгені байқалады.
Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бірнеше шахтасы мен қосымша кәсіпорындары орналасқан. 40 мыңға жуық халқы бар, Қарағанды қаласынан шамамен 50 шақырым жердегі Шахтинск қаласын бейресми түрде «шахтерлар қаласы » деп атайды.